Қаламдар да тіл қатады. Өнертапқыштар бөбектердің өресін кеңейтетін әдіс ойлап тапты. «Зерек бала» және «Сиқырлы қалам» деп аталатын құралдар балаларды тәрбиелеуде таптырмас дүние, — дейді мамандар. Жоба авторлары келешекте тың дүниелерін жетілдіріп, мектеп бағдарламасына енгізуді жоспарлап отыр.
«Әліппе», «Мақал-мәтел», «Жаңылтпаш», «Жұмбақ», «Білгенге маржан» секілді 11 дәптерден тұратын топтаманы «Қастерлі» деп аталатын шағын қалам сөйлей жөнеледі. Тіпті, қабырғаға іліп қоятын әліппи, киіз үйдің моделі, әртүрлі музыкалық аспаптарды қамтыған пианино – бәрі сол «Қастерлі» қаламның арқасында әуендетеді. Бұл құралдар қолдануға өте ыңғайлы. Алматыдағы балабақшалардың бірінде қолданысқа енгізілген бұл құрылғы өз нәтижесін беріп үлгеріпті.
Мамандардың айтуынша, балалардың өрісін кеңейтетін бұл қалам бүлдіршіндерді қазақ тілін еркін меңгеруге, тілін дамытуға септігін тигізуде.
Қытайлық компаниямен бірігіп жасаған бұл құралдарға қазақ тілін енгізу үшін бірталай уақыт кетіпті. Жоба авторларының айтуынша, аталмыш әдістемелік құралдар аспан асты елінде үлкен сұранысқа ие. Өнертапқыштардың болашақтағы жоспары үлкен. Келешекте осындай құралды бастауыш сынып оқушыларына да енгізсе деген пікірде.
— Техникалық тұрғыда қаламсапты жинауға біраз уақыт кетті. Ол жақтағы техникалық жобаларды, біздегі жобаларды салыстырдық. Балаларға қауіпсіз, жақсы бір құрал ретінде кіргізіп отырған жөніміз бар. 1 және 2-сыныпқа жарайтындай білім бөліміне кіргізсек деген де ойымыз бар, — дейді жоба авторы Еркебұлан Дудабаев.
Аталмыш әдістемелік құралдың бағасы 25 мың теңгенің көлемінде. Болашақта құрастырушылар құралды одан әрі жетілдіріп, сауда орындарына сатылымға шығармақшы.