ҚР Ұлттық музейінде 2-наурызда Халықаралық әйелдер мерекесіне орай Франц Бирбаум және Карл Фаберже ордендерінің (2-дәрежелі гауһар) иегері, «ZergerIlyas» брендінің негізін қалаушы Ілияс Сүлейменовтың «Тұмар тәжі» көрмесі ашылады.
Көрменің басты экспонаты «Тұмар ханша» деген атауы бар тәж. Ол скифтердің ежелгі дәстүрлі аң стилімен жасалған. Бірегей әрі сирек кездесетін 252 караттық жасыл ақық, қанатты барыстардың бейнелері, тәжді бойлай орнатылған қымбат әшекей тастардан жасалған ырғақты өрнек, көкке қарай тартылған жебе тәжге ерекше сән беріп тұр. Жалпы алғанда мұның бәрі Тұмар ханшаның патшалық билігін, тектілігін, оның өз жұртын құтқару жолындағы қайратты әрекеттерін көрсетеді.
Сонымен қатар, Алтын залында автордың қолынан шыққан «еуразиялық этномодерн» стиліндегі бірегей екі зергерлік бұйым ұсынылады. Бұл жәдігерлерден арий, скиф, ғұн, түркі-монғол өркениеті өнерінің және замануи зергерлік өнер технологиясының негізгі стильдік ерекшеліктерін байқауға болады.
Ілияс Сүлейменовтің туындылары Ресейде, Австрияда, Швейцарияда, Лихтенштейнде, Францияда және т.б. елдерде өткен зергерлік көрмелерге қойылған. Оның жасаған зергерлік бұйымдары шетелдік атақты эстрада жұлдыздарының, Лихтенштейн княздігі ақсүйектерінің, Қазақстан мен Ресейдің саяси және іскер элиталарының топтамаларында сақтаулы.