Ежелде балды массажды Тибетте көп пайдаланса керек, бірақ Русь елінде бал көп болғандықтан бұл үрдіс сол жерде де қарқынды дамыған.
Массаж мамандары бал қолданып жасалған уқалау процедурасы химиялық препараттарға қарағанда әлдеқайда пайдалы екендігін алға тартады.
Бірақ балды массаж барлық адамдарға жаға бермейді. Қан қысымы жоғары, температурасы көтерілген және денесінде түгі мол адамдар бұл процедураны қолданбағандары абзал. Әдеттегідей біз өз денсаулығыңызға қандай амал жасағалы жатсаңыз да, сол саланың мамандарымен кеңесуді ескертеміз.
Сонымен балды массаждың қандай пайдасы бар?
Бал — емдік қасиеті мол табиғат сыйы. Оның құрамы қанға, одан жасушалар мен тіндерге тез сіңіп кететін көмірсулар, белоктар, протеиндер (аминқышқылдары мен органикалық қышқылдар), минералды тұздар (калий, кальций, натрий, темір, хлор тұздары және күкірт т.б.), пайдалы микроэлементтер мен ферменттерге (каталаз, липаз, амилаз) өте бай. Денемен жанасқан бал 15 минуттан соң жалтырап, түсі өзгере бастайды. Ашық қоңыр түс енді қара қоңыр болады. Ол тері тесіктері арқылы шлактарды шығарып, көңіл күйіңізді көтеріп, сергектік сыйлайды. Оған қоса, тері жұмсарып, әдемілене түседі. Массаждың осы түрі — целлюлитпен күресіп жүрген әйелдерге таптырмас әдіс. Болбыр теріден толық құтылу үшін аталмыш процедураны курс ретінде қабылдау керек.
Балды массаж жүйке жүйесіне өте пайдалы. Депрессия, стресс кезінде және ұйқы бұзылған сәтте балды массаж жасаңыз.
Білікті дәрігерлердің пікірінше, балды дәрумен ретінде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін пайдаланғаны дұрыс. Себебі, бал — шипалы тағам. Құрамында адам ағзасына өте қажетті жетпістен астам зат бар. Бал адамның есте сақтау қабілетін арттырып қана қоймай, жоғары қан қысымын түсіреді, күш- қуатты толықтырады, әсіресе іш құрылысына, жүрек ауруына пайдалы. Балдан жасалған сусынның асқазан ауруын емдеуде әсері зор. Дегенмен, дәрігерлер балмен емделуді бастамас бұрын кеңес алғанды дұрыс көреді.