Железин ауданы Михайловка ауылдық округінде кәсіпкер қатты ірімшіктің төрт түрін шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы агенттік тілшісіне «Алтын жер» ШҚ-ның басшысы Марат Морозов мәлім етті.
— Зауыт іске қосылғаннан кейін күніне голландтық әдіспен 510 келі ірімшік шығаруды жоспарлап отырмыз, — дейді М.Морозов.
— Жалпы өзіміздің тауарлық таңбамыз бар «Прииртышск», «Павлодар», «Эстон», «Голланд» ірімшіктері шығарылатын болады. Қойылатын модульдардың арқасында тәулігіне алты тонна сүт ірімшікке айналады. Қазірдің өзінде Астана, Павлодар, Ақсу, Екібастұз, Семей, Қарағанды және Омбы қалаларының көтерме бағамен сатып алатын фирмалардан тапсырыс түсуде. Біздің өнімнің келісі шамамен 1600-1650 теңгеден саудаға қойылады. Шаруашылық басшысының айтуынша, бүгінгі күні шағын ірімшік зауытының құрылысы тоқтап тұр. Себебі жұмысты соңына дейін жеткізу үшін 28 млн теңге қаражат керек. Бұл қаржыны алдағы уақытта екінші деңгейлі банктен алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 116 млн теңге бөлінеді. Зауыттың құрылысына 21 адам тартылып, оның тоғызы тұрақты жұмыс орынмен қамтылады.