Балаңыздың бойынан жаман әдеттің ұшқынын байқасаңыз-ақ, дереу сол әдетін қойдыртудың амалын қарастырыңыз. Мысалы, саусағын сору, тырнағын тістелей беру, қаламсабын мүжу, ернін жымқыра беру, саусақтарын сықырлату, тырнағымен үстелді тықылдату, екі аяғын тынымсыз қайшылату т.б. сияқты әдеттерге жастайынан үйренген бала оны есейгенде де қоя алмайды.
Ешқандай бала жаман әдетті іштен үйреніп тумайды, ол оның зиянды екендігін өз уақытында білмегендіктен соған әуес болады. Егер соны асқындырып алмай тұрғанда алдын алсаңыз, көп келеңсіздіктен өзіңізді де, балаңызды да құтқарғаныңыз деп есептеңіз.
Жас бала көп зиянды әдетті әуестіктің кесірінен жұқтырады екен. Мысалы, шаңқай түсте күннің көзіне шаншылып қарай беретін бала болған. Әке-шешесі оның бұл әдетін: “осы ұлдың көзі өткір-ау шамасы” деп, елең қылмай жүреді. Нәтижесінде әлгі баланы кейін дәрігерлерге апарғанда көзінің қитарлана бастағаны анықталған. Көрдіңіз бе, елеусіз әдеттің өзі бала денсаулығына осындай зардап келтіреді екен.
Ал, енді мұның жолы қандай? Мамандардың кеңесі өте қарапайым. Ең алдымен баланың қандай жағымсыз әрекетті әдет қылғанын анықтап алу қажет. Оны білген сәтте бас салып ұрсып, зекіп қойдырмаққа ұмтылу қате шешім. Оныңыз керісінше баланың іштей ерегісін тудыруы мүмкін. Мәселен, бала өз тырнағын тістелеуді әдет қылды дейік. Сіз “әй, тырнағыңды тістеме, қой оныңды” деп зірк ете қалдыңыз. Екінші байқағаныңызда одан қатты дауыс көтердіңіз. Иә, сөйте берсе де бала әлгі әдетін қояды. Бірақ, сіз жоқ жерде ғана. Ал, оңаша қалған сәтте өз әдетімен алдана беру оның бойына өмір бойы сіңіп кетуі мүмкін. Сондықтан, балаңызға ол әдеттің жаман қылық екенін, тырнақ арқылы ішке зиянды микроптардың түсіп, ауру тудыратынын түсіндіруден бастау керек. Тіпті, кейбір әдеттер оның еркінен тыс болуы мүмкін, яғни, өзі байқамай қайталай беретін әдеттер. Мұндайда баланы өз-өзін қадағалауға дағдыландырған жөн. Бала өзінің іс-әрекеттеріне баға беруге үйренсін. Ата-ананың оны ылғи жайлап түсіндіріп, жиі есіне салып отыруы бала өсе келе өте жақсы нәтиже береді екен.
Мамандардың айтуынша, баланың зиянды әдеттерге үйір болуының басты себебі, көбінесе, ұзақ уақыт оңаша қалдыра беруден туындайды екен. Жалғыздықтан жалыққан бала түрлі әдеттерге бой алдыра бастайтын көрінеді. Ендеше, ең алдымен баланы қараусыз қалдырмасқа тырысыңыз. Сонда жоғарыдағыдай әурешілікке түсіп, жүйке жұқартудың да қажеті болмайды. Зиянды әдетті қойдыртқаннан гөрі, оны туындатпаған жөн ғой…
Дайындаған Төлеген Жәкітайұлы,