Бүгін ҚР Ұлттық музейінде «Мажар өнер шеберлері сыр шертеді» көрмесі ашылады, деп хабарлайды Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметі.
Көрме Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, Қазақстан Республикасындағы Венгрия Елшілігінің және Габор Ковачтың KOGART Көркем сурет қорының қолдауымен өтеді. Көрмеге графика, көркем сурет, медаль өнері саласын қамтыған 140 туынды қойылады. Олардың барлығы дерлік мажар елінің тарихынан, мәдениетінен хабар береді.
Миклош Боршош, Лайош Салаи, Тибор Чернуш, Бела Кондор секілді ескі көркем сурет мектебінің өкілдері, XX ғасырдағы біртуар мажар суретшілерінің туындылары еркіндік, адам құқығын құрметтеу, құқық пен заңның үстемдігі, қауіпсіздік және әділеттілік сынды әр жақты еуропалық мәдениеттің маңызды құндылықтарын суреттеуге бағытталған.
Имре Семерети, Кристина Кокаи, Жужа Перели, Иштван Орос, Имре Кэри, Петер Пруткаи – шығармашылық ізденістерімен Пиранези, Караваджо, Ван Гог сынды еуропалық шеберлердің әсеріне түскен саңлақ суретшілердің есімдері. Олардың шығармашылық жұмыстары ержүрек жауынгер Яношқа, Сигетвар қамалын қорғаушылардың батырлық ісіне немесе Джованни Баттиста Пиранези және Караваджоның парафразаларына арналған.
Ал, Мартон Такач, Жофия Варга, Рита Kешеяк, Рита Коралевич секілді заманауи шеберлердің туындылары бұрынғы және қазіргі бейнелеу техникаларын байланыстыратын тәжірибелік ізденістерімен құнды болып табылады.