23 жастағы актер және Алматы мәслихатына жаңадан сайланған депутат Асылхан Төлепов қазақстандықтардың сынына жауап берді. Төлепов Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында жас екенін Интернетте сынап жатқандардың сөзіне сабырмен қарайтынын айтты.
«Сын, керісінше, маған жұмыс істеуге күш беріп, шабыттандыра түседі. Мен ешкімге ренжімеймін, әр адамның пікірін құрметтеймін. Сондықтан халықтың мені бекер таңдамағанын сөзбен емес, іспен дәлелдегім келеді. Жас екенімді айтып, сенім білдірмегендерді де түсінемін. Бірақ, қазақтың тарихында 14 жаста да, 20 жаста да ұлы батыр және би болған адамдар бар. Сондықтан меніңше, жас — бастысы емес. Көп жұмыс істеп, сайлаушыларымның сенімін ақтаймын деп сөз беремін», — деді Төлепов.
Алматы мәслихатының депутаты қызметінде ол бұқаралық спорт пен мәдениетті дамытуға, балалар алаңын жабдықтауға, салауатты өмір салтын насихаттауға, жас кәсіпкерлерге жеңілдігі бар жағдай жасауға және Наурызбай ауданынының инфрақұрылымын жақсартуға ниетті.
«Мен сайлауалды насихат кезінде асфальт төсеймін, электр тогын, суды және тағы басқаны жеткіземін деп уәде берген жоқпын. Сондықтан бұл уәдені орындай алмасам адамдардың алдында ұялатын едім. Бірақ мен Наурызбай ауданының тұрғындарының мәселелерін жергілікті заңнамада көтеріп, шешуді уәде еттім. Алда жұмыстың көп екенін, онымен қатар үлкен жауапкершілікті түсінемін», — деді Төлепов. Алайда ол депутат қызметін шығармашылығымен қатар алып жүретінін айтты.
«Қазіргі уақытта Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрындамын. Бұл менің негізгі жұмысым, оны тастап кетпеймін. Қазіргі уақытта екі жаңа қойылымды дайындап жатырмыз. Әзірше киноға түсу туралы жоспар жоқ», — деді актер.
Еске салайық, 23 жастағы Асылхан Төлепов №15 сайлау округі бойынша Алматы мәслихатының депутаты болып сайланған еді. Ол сайлаушылардың 73,8 пайыз даусын жинады.
Төлепов Асылхан Сайлауұлы 1992 жылдың 21 мамырында Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1996 жылы оның жанұясы Алматыға көшіп келеді. 2015 жылы Төлепов Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық академиясын «Актерлік шеберлік» мамандығы бойынша аяқтайды. Таэквандодан қара белбеу иегері.
Режиссер Ақан Сатаевтың «Жаужүрек — мың бала» кинофильмінде бас кейіпкер Сартай батырдың ролін сомдады. Сонымен қатар, «Балалық шағымның аспаны», «Бауыржан Момышұлы» және «Рэкетир-2» фильмдеріне қатысты.