Домой Жаңалықтар Мәдениет Астанада «Отан үшін отқа түскендер» фильмінің тұсаукесері өтеді

Астанада «Отан үшін отқа түскендер» фильмінің тұсаукесері өтеді

Астанада «Отан үшін отқа түскендер» фильмінің тұсаукесері өтеді

Астанада «Отан үшін отқа түскендер» фильмінің тұсаукесері өтедіБүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде «Отан үшін отқа түскендер» мен «Жеңісті жақындатқандар» атты деректі фильмдердің тұсаукесері өтеді.

Мәні бөлек жиынға ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов, фильм идеясының авторы «Нұр Отан» партиясының хатшысы Зауытбек Тұрысбеков, ҚР Ауған және шектеулі ұрыс қимылдары ардагерлері ұйымының төрағасы Шәріпбай Өтегенов, Ұлттық ұлан ардагерлері Кеңесінің төрағасы генерал-майор Қалиақпар Тоқышев, Ұлы Отан соғысы, тыл және әскер ардагерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, астаналық №25 орта мектептің оқушылары, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері және Астана гарнизоны әскери бөлімдерінің жеке құрамы қатысатын болады.

Фильмдердің тұсаукесері тәу етер құндылығымыз – Тәуелсіздіктің 25 жылдығына, Ұлы Жеңіс күнінің 71 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне орайластырылып әскер бойынша өтіп жатқан «Бізге Даңқ пен Тағзым мұраға қалған!» атты патриоттық акциясының және «БІЗ – БОЛАШАҒЫ БІРТҰТАС ҰЛТПЫЗ» жалпыұлттық шарасының аясында ұйымдастырылып отыр.

«Отан үшін отқа түскендер» («В огонь за Родину») деректі фильмі Украинаны фашисттерден азат етудің 70 жылдығына арналған сүбелі еңбек. Фильмде қазақтың даңқты батыр ұлы Бауыржан Момышұлы, екі мәрте Кеңес Одағының батыры, оның ішінде алғашқы Алтын жұлдызын Украина көгіндегі қанды қасап ұрыстары кезінде алған ұшқыш Талғат Бигелдинов, Қазақстан Республикасының бірінші Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов, жау ордасына Жеңіс туын тіккен батыр Рахымжан Қошқарбаев, Халық қаһарманы, партизан-жазушы Қасым Қайсеновтер жайлы да айтылып, 1942 жылы «харьков қазандығында» өшпес ерлік көрсетіп мәңгілікке тыныстаған Шымкентте жасақталған 102-ші атқыштар дивизиясының, 106-ші Ақмола кавалерлік дивизиясының жаужүрек жауынгерлері, Харьков түбіндегі кескілескен шайқастарда өліспей беріспеген 72-ші Красноградтық гвардиялық және 38-ші атқыштар дивизиясының жеке құрамы, сондай-ақ жаумен жағаласа жүріп, қасық қандары қалғанша Отан Ананы қорғауға адал болған барша ержүрек қазақстандық сарбаздардың даңқты жауынгерлік жолы кең түрде баяндалады.

Еңбекте пайдаланылған сирек мұрағаттық бейне материалдар, көзі тірі куәгер –майдангерлердің естеліктері, әскери мұрағаттардың және қазіргі заманғы іздестірушілердің зерттеу құжаттары қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы жеңіске және тыл еңбегіне қосқан үлестері бағасын еселей түсері сөзсіз.

Қазіргі таңда батыр-бағлан бабаларымыздың, Отан үшін от кешкен ардагерлеріміздің даңқты жауынгерлік жолын кейінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді. Бүгінгі Отан қорғаушы азаматтарымыз алғы буын өкілдерінің, ата-апаларымыздың Ұлы Жеңісті жақындатуға, оған қол жеткізуге қосқан жанқиярлық ерлігіне әрқашан бас ие бермек.

Фильмдерді ұжымдық түрде көргеннен кейін Қазақстанның Украинадағы бұрнағы елшісі, қазіргі «Нұр Отан» партиясының хатшысы, фильмдердің идея авторы Зауытбек Тұрысбеков көрермендерді қызықтырып, толғандырған сауалдарына жауап беретін болады.

Baq.kz

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here