Бүгін ҚазМЗУ ғимаратында еліміздің табысқа жеткен танымал әйелдерімен кездесу-әңгімелесу кеші өтті. Астана қаласының «Жастар саясаты мәселелері басқармасы» мен «Қазақ Қызы» қоғамдық ұйымының бірлесе отырып ұйымдастырған іс-шараның басты мақсаты – елордамыздың жас аруларының мәдени-адамгершілік тәрибесінің жоғарылауына үлес қосу, олардың жеке және рухани әлеуетінің одан әрі дамуына, патриоттық сезімдерін нығайтып, ұлттық тәрбие қағидаларының қайта жандануына ықпал ету.
Кешке шақырылған еліміздің танымал жеті аруы 7 әлеует бойынша өз ойларын ортаға салды. Атап айтсақ, Майра Мухамедқызы «Патриоттылық пен құндылық», Тамара Асар «Ерік күші мен талпыныс», Оразгүл Асанғазы «Адамгершілік пен тәрбие», Бірғаным Әйтімова «Ақыл мен білімділік», Салтанат Байқошкарова «Еңбекқорлық пен тәртіп», Аяулым Ерғазы «Сұлулық пен әсемдік», Жанар Байжулдинова «Қайырымдылық пен ризашылық» төңірегінде әңгіме өрбітті.
Тарихта есімдері алтын әріптермен өрнектелген – Тұмар ханым, Ұмай ана, Айша бибі, Домалақ ана секілді ұлтты тәрбиелеп, халықты қалыптастырып, еліміздің берекесін баянды етуге мол үлес қосқан аналарымызды үлгі ете отырып, сөз қозғаған спикерлер қазіргі қазақ қызы қандай болу керектігі жайында әңгіме тарқатты.
Бүгінгідей жаһандану кезінде қыз бала тәрбиесі, оның ішінде қазақ қызының тәрбиесі, қыз балаға аттап өтуге болмайтын әдеп пен инабаттылық талаптары туралы тәжірибесі мол, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген қыз-келіншектермен пікір алмасу – шараға жиналған жас қыздардың қызушылығын тудырды.
Айта кетейік, аталмыш жоба ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өсіп келе жатқан ұрпақтың мәдениетін, тәрбиесін және білімін дамыту тапсырмасын орындауға бағытталған.