Олимпиада чемпиондары Юрий Мельниченко, Ольга Шишигина мен Ермахан Ыбрайымов Астана мектептерінің бірінде оқушылар мен ұстаздарға дене шынықтыру пәнінен ашық сабақ өткізді.
Аталған шара 7 сәуір күні тойланатын Денсаулық күні қарсаңында ұйымдастрылуы тегін емес.
Оқушыларға арналған алғашқы сабақ Астана қаласы №56 мектепте өтті. Айта кету керек, осындай сабақтар 7 сәуірде ғана емес, оқу жылы аяқталғанша өткізіліп тұрмақ. Осылайша, 9 және 16 жас аралығындағы оқушылар Олимпиада чемпиондарының сабақтарына қатысатын болады.
Сабақтың басты ерекшелігі — онда түрлі фитнес-технологиялар қолданылады. Бұл оқушылардың спортқа, салауатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығын арттырады, деп санайды ұйымдастырушылар.
Елордада даңқты спортшылар 5 мектепте 25 сабақ өткізбек. Бұл туралы 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының чемпионы, «Астана» президенттік спорт клубының менеджері Юрий Мельниченко мәлім етті.
«Егер бала жастайынан спортқа берілсе, дене шынықтырумен шындап кіріссе және ол оған қуаныш сыйласа, олар спорттық пәндердің күнделікті өтуін өздері-ақ сұрайтын болады. Сабақтың қызықты өтуі оның әдісіне, ұйымдастырылуына қатты байланысты. Біз тек оқытушылар мен балаларға біз білетін қызықты дене шынықтыру әдістерін көрсеткіміз келеді», — дейді Ю. Мельниченко.
«Балалардың дені қазір өте сылбыр. Осы сабақтар арқылы біз балалардың көңілдерін көтеріп, спорттық үйірмелерге қатысуға итермелей аламыз деп ойлаймын», — дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Сидней-2000 Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигина.
Аталған жобаның авторлары осы тәжірибені кейін республиканың барлық аймақтарына таратуды көздеп отыр.