«Smart Astana» қосымшасы арқылы қалалық автобустардың қозғалысын онлайн режимде бақылау, Жол қозғалысы ережелері айыппұлдарын тексеру, Интеллектуалдық байланыс орталығына өтініш білдіру және басқа да мүмкіндіктер бар. Бүгіннен бастап бағдарлама Apple Store және Play Market-те қолжетімді болып отыр, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қосымша арқылы пайдаланушылар нақты уақыт тәртібінде қоғамдық көлік қозғалысын, халықаралық және ішкі әуе рейстерінің ұшу және ұшып келу уақытын бақылайды, сондай-ақ пойыз, электричка және қалааралық автобустардың кестесімен танысады. Қалалық автокөлік әуесқойлары Жол қозғалысы ережелері айыппұлдарын тексере алады.
«Astana 109» айдары Астана қаласының Интеллектуалдық байланыс орталығына коммуналдық-тұрмыстық мәселелер бойынша өтініш білдіруге және Әкімдік көрсететін мемлекеттік қызметтер жөнінде кеңес алуға мүмкіндік береді.
«Smart tickets» айдарында 11 мәдениет нысанында өтетін іс-шараларға билетті онлайн сатып алуға болады. Жақында спорттық шараларға да билет сатып алу мүмкіндігі ұсынылмақ.
Бұған қоса, қосымша мектептердегі сабақтардың болмауы, тас жолдардың жабылуы мен ашылуы және қаладағы қолайсыз ауа райы туралы push-хабарламаларды лезде алу функциясымен ыңғайлы. Астаналықтар үшін ұсынылатын маңызды ақпарат тізімі бұдан әрі де толықтырыла түседі.
Сондай-ақ, қосымшаны коммуналдық және басқа да төлемдерді онлайн түрде төлеу, өз учаскелік инспекторын немесе учаскелік дәрігерін қарау ақпараттық сервисі, сондай-ақ қазақ-орыс электрондық сөздігі сияқты жаңа қызмет түрлерімен жүйелі түрде толықтырып отыру жоспарланған.