ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Дәурен Абаев Ақорданың Фейсбуктегі ресми парақшасында Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит туралы айтып берді.
«Таяуда ғана Вашингтонда Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аяқталды.
Соның аясында Президент 15-ке жуық шет мемлекеттердің және үкіметтерінің басшыларымен кездесу өткізді. Жалпыға бірдей ядролық сынаққа тыйым салу тақырыбында бірқатар бірлескен мәлімдемелерді талқылап, бекітуге қатысты.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысы АҚШ қоғам және саяси қайраткерлерімен кездесіп үлгерді», делінген жазбада.
Бұл шара ондаған сағат бойы пікірталас, пікір алмасу, оларды шешу жолдары, ұстанымды қуаттау және тіпті ізгі шақыртуларды қамтыды.
«Сонымен қатар кей қызықты оқиғалар кадр сыртында қалды. Саммит аясында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамаға сыйлық табыс етті. Естеріңізде болса, 2012 жылы Сеулде ядролық қаруға қарсы саммитте Б. Обама президенттік сайлау қарсаңында Мемлекет басшысынан қазақ тұмарын сыйға алған.
Осы жолы Қазақстан Президенті белгілі қазақстандық суретші, халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалыс белсендісі, АТОМ жобасының (The Atom Project (ENG) құрметті елшісі Кәріпбек Күйіковтің «Жарылыс» деп аталатын картинасын сыйға тартты.
Нұрсұлтан Әбішұлы осы сыйлығымен ерекше жол көрсете отырып, өзекті мәселеге тағы да назар аудартты деп ойлаймын», деп жазады Дәурен Абаев.