Мемлекет басшысының бес реформасын жүзеге асыру аясында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес, Сапар Ысқақұлы ТОО «DAMU MEDIA GROUP» түсірілім тобымен «Ұлы Дала. Мәңгілік ел» атты авторлық жоба құрғалы отыр.
Ол жобада 40-50 бөлімнен тұратын Ұлы Даладағы мемлекеттің құрылуы туралы деректі фильм түсіру жоспарланған. Фильм Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналады.
Фильмге қажетті материал жинау — сәуір айынан басталып, осы жылдың қараша айына дейін созылмақ.
Аталған деректі фильм Ресей Федерациясында, атап айтқанда Омбы, Орынбор, Астрахань қалаларында, сонымен қатар Башқұртстан, Дағыстан, Қырым, Карашай-Шеркес, Қабардин-Балқар Республикаларында, Ставрополь аймағы, Татарстан, Шешенстан, Монғолия, Қытай Халық Республикасы, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Украина, Румыния, Молдавия, Мажарстан, Болгария, Хорватия, Армения, Грузия, Сирия, Мысыр, Үндістан, Израиль, Палестина, Франция, Германия, Италия елдерінде және еліміздің Астана, Алматы, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар, Семей, Өскемен, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтау, Атырау, Орал қалаларында түсіріледі деп жоспарлануда.
Деректі фильмде жоғарыда аталып өткен елдердегі атақты ғалымдар мен зерттеушілермен сұхбаттар, тарихи және археологиялық ескерткіштер көрсетілмек. Сапар Ысқақұлының айтуынша, бұл фильм Қазақстанның бай тарихы мен мәдениетін, ата-бабалардың ерлігін жан-жақты ашуға бағытталған.
«Біздің мақсатымыз — қазақ салт-аттының, тұлпарының тұяғы басқан жерлерді көрсету. Қазаққа, оның ішінде жастарға біздің бабаларымыздың қаншалықты батыр болғандығын, озық болғандығын, білімдар болғандығын, сол замандарда қаншалықты өркениетті ел болғанымызды айтып жеткізу, олар бізге қандай мұра қалдырды — осының барлығын экспедиция барысында деректі репортаж ретінде паш еткіміз келеді», — деп атап өтті С.Ысқақұлы тілшілерге берген сұхбатында.
Фильм түсірілімі бір жылға таяу мерзімде түсірілмек және онда жоба авторлары Еуропаны, Үндістанды, Қытайды бағындырған бабалар жайында тың материалдар ұсынбақ.
«Біздің тарихымыз 550 жылмен шектелмейді, бұл біздің бержағындағы ғана тарихымыз. Біздің тарих біздің заманымызға дейінгі дәуірлерден бастау алатыны сөзсіз. Сондықтан біз әріден бастаймыз. Біздің заманымызға дейінгі 300-400 жыл бұрын Жетісу аймағында Сақтар өркениеті дүркіреп тұрды, сапар барысында сонда боламыз, сонан соң Моңғолия жеріндегі Көк түркілер дәуірі туралы түсіреміз. Үндістанда болдық. Онда Бабыр ханмен бірге қыпшақтар да барғаны мәлім. Олардың ішінде жауынгерлер, қолбасшылар ғана емес, қолөнершілеріміз, ақындарымыз, би-шонжарларымыз да барған. Үндістанның солтүстік Кашмир аймағын Мұхаммед Хайдар Дулати басқарғанын бірі білсе, бірі білмейді. Хайдар Дулати туралы да түсіреміз», — дейді С.Ысқақұлы.
Сапар Ысқақұлы — Әлемнің 6 құрлығының 125-тен астам елдерінде болып, Оңтүстік полюс (Антарктика) мен Солтүстік полюс (Арктика) бағындырған танымал саяxатшы, меценат. 2014-жылы «Queen Elizabeth 6» кемесімен әлемді кезіп, 27 елдерінде «Astana ЭКСПО — 2017» жалауын желбіреткен болатын. 2015 жылы Оңтүстік және Орталық Америка, Үнді Мұхиты елдерінде болып, көптеген кездесулер өткізді. Бұл — кездесулерде осы елдердің Үкімет өкілдері, бизнес, туризм, БАҚ құралдарының өкілдеріне алдымыздағы «Astana ЭКСПО — 2017» туралы, жалпы Қазақстан Республикасы туралы айтылды. Бұл — саяхаттардың нәтижесі «Хабар» арнасында «Тур де Хабар» атты 53 бағдарлама көрсетілді.