ҚР Ұлттық музейінде елордалық оқушылар арасында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған асық атудан ашық турнир өтті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Турнирдің ашылуында сөз сөйлеген Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатубалдин асық ату ойынының маңыздылығы туралы айта келе, қоғам болып қазақтың ұлттық ойындарын қолдауға шақырды.
— Асық ойыны баланы мергендікке, ұстамдылыққа тәрбиелейді. Қазақ: «Қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт, жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға тұт» деп бекер айтпаған. Ұлттық тәрбие – ұлттық ойыннан келіп шығады. Кешегі қиын кезеңдерде ұлттық болмысымызға жасалған түрлі шабуылдарды бастан кештік. Тәуелсіз ел болып, өз еркіміз өз қолымызға тигенде ата-бабаларымыздан қалған құнды мұраларымызды қайта жаңғырту, насихаттау біздің басты борышымыз, — деді А.Сатубалдин.
Турнирді «Асық ату» федерациясымен бірге Ұлттық музейдің музей педагогикасы және балалар шығармашылығы бөлімінің эстетикалық тәрбие беру секторы ұйымдастырды. Турнирде Астана қаласының орта мектеп оқушылары өзара сайысқа түсіп, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды.