21 сәуір күні Астана қаласындағы «Қазақ гуманитарлық заң университеті» студенттері арасында «Астана қаласының жастар саясаты мәселелері басқармасы» мен «Ұлағат» мәдениет және даму қорының ұйымдастыруымен интерактивті дәріс өтті.
Лекторлар — Астана қаласы әкімдігінің жанынан құрылған ақпараттық топ мүшелері: «Ұлағат» Мәдениет және даму қорының атқарушы директоры Жумакасова Камажан Габдрашевна, ҚР мәдениет және спорт министрлігі Дін істері Комитетінің «Мәдениет және діндердің халықаралық орталығы», аналитикалық жұмыстар бөлімінің басшысы Диляра Дарібаева және «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаевтар студенттерге дәрістерімен қоса, қазіргі діни ахуал туралы да ой бөлісті.
Студенттердің сұрақтары негізінен наиб имамға бағытталды. Тіпті дәріс соңынан кейін де жеке сұрақтарын қойып жатты. Соған қарағанда қазір жастар арасында да діни ахуалға қатты алаңдаушылық бар секілді көрініп тұрғандай…
Кездесу аяғында, бір топ студенттер ұйымдастырушыларға осындай ақпараттар алатын дәрістер жиі болса, сұрақтарға жауап беретін дәріскерлер бүгінгідей сападағы мамандар болса деген тілек-талаптарын жолдады.