Әр жеке тұлға өз өмірінің негізгі бөлігін қызметпен айналысуға жұмсайды. Адамның тағдыры оның қандай мамандықты таңдағанына тығыз байланысты болады дейді ғалымдар. Алайда, қызметімен тығыз қатынастағы өміріне бір жандардың көңілі толмаса керек, арамызда өз жұмысын ауыстырғысы келетін адамдар жиі табылып жатады. Сізді де дәл осы ой мазалап жүрсе, онда мақаланы әрі қарай оқыңыз.
- Сізде негативті эмоциялар басым. Өзіңіздің жұмыс барысындағы және жұмыстан кейінгі эмоцияңызға назар аударыңыз. Сіз бұрын жұмыстан жақсы көңіл-күйде қайтып, әріптестеріңіздің әрбір табысына шынайы қуанатын едіңіз бе? Қазір ондай эмоция келмеске кетті ме? Онда, білгеніңіз абзал, Сіз жұмысыңызды ауыстырмасаңыз болмайды.
- Тек ақша мен атақ үшін қызмет етесіз. Сіз өзіңіздің мамандығыңызды оның кейбір артықшылықтары үшін таңдадыңыз. Негізі көңіліңізден шығатын іс бұл емес. Дәл осылай болатын болса, жұмысыңызды еш ойланбастан ауыстыра берсеңіз болады. Себебі, өзінің сүйікті емес қызметінде қайсыбір табысқа жеткен адам, бар ынта-жігерімен жұмыс жасайтын істе тосылып қалуы мүмкін емес.
- Таңдау мүмкіндігіңіз болған жоқ. «Қалауын тапса, қар жанады» дейді қазақ халқы. «Жоқ табылмайды емес, іздеуі жетіспейді» дейтіні тағы бар. Яғни, егер Сізге жұмыс беруші Сіз қалаған істі тапсырмаса, мүмкін әлі де іздестіруді тоқтатпау керек шығар?!
- Сіз кәсіби деңгейде өспей жүрсіз. Қалаулы жұмысын атқарып жүрген адам қашанда сол саладағы жаңалықтар туралы хабардар болып тұрады. Кем дегенде кәсіби деңгейде жетілуге ұмтылады. Одан асса, қызмет баспалдағымен жоғары өрлей түседі. Сіз өзіңізден бұндай өзгерістерді байқамасаңыз, онда бұл қызмет сізге сай емес.
- Сіздің қызметіңіздің сұранысы азаюда. Егер заман талабына сай, Сіздің кәсібіңізге деген сұраныс жыл санап, азайып келе жатса, елге мүлдем керек болмай қалатын күнді күтпей, ісіңізді басқа арнаға бұрыңыз.
Әрине жұмыс ауыстыру оңай емес. Психологтар ол кезеңді ағзаға жасалған стресс деп таниды. Жаңа коллективке сіңісіп кету, қайсыбір міндеттерді игеріп кете алу, жаңа бастықтың көңілінен шығу – расында да кез-келген адам үшін өтпелі кезең болмақ. Бірақ көңіліңіз қаламаған жұмысты жасап жүріп, жүйкеңізді тоздырғанша, сүйікті кәсіптің нәсібін татқан абзал екенін есте сақтаңыз.