12 елордалық спортшы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадаға жолдама алды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Биыл Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиадаға Астана қаласынан 12 спортшы қатысады, деп хабарлайды қалалық Спорт және дене тәрбиесі басқармасы. Алдағы уақытта оларға теннисшілер, жүзгіштер мен әйелдер арасындағы күрестен спортшылар қосылып, бұл көрсеткіш артуы мүмкін.
Қазіргі кезде бокстан Қазақстан чемпионы Василий Левит пен Әлем чемпионы Данияр Елеусінов, Жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионатының жүлдегері Флорида Менянова, қазіргі заманғы бессайыстан Азия чемпионатының қола жүлдегері Елена Потапенко, байдаркамен және каноэмен есуден Азия ойындарының чемпионы Инна Клинова және байдаркамен және каноэмен есуден Азия чемпиондары Зоя Ананченко мен Олег Токарницкий, грек-рим күресінен Әлем чемпионатының қола жүлдегерлері Досжан Картиков пен Алмат Кебіспаев, әйелдер арасындағы күрестен әлемдік жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Жұлдыз Ешімова мен әйелдер арасындағы күрестен Олимпиада-2012 қола жүлдегері Гузель Манюрова, сондай-ақ, үстел теннисінен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Кирилл Герасименко Олимпиада Лицензиясына қол жеткізді.
Еске салайық, үстіміздегі жылы 5-21 тамызда Рио-де-Жанейро қаласында жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Жарыста 206 мемлекеттің спортшылары күш сынаспақ.