Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Еуразия» вокалды-инструменталды ансамблінің шығармашылық концерті өтті.
Топ — гитара, барабан және клавишті аспаптарда ойнайтын талантты төрт жігіттен құралған. Ал ансамбльдің аты өздері білім алып жүрген әрі өнерлеріне қолдау көрсететін оқу ордаларының атымен қойылған. 3 жылдан бері «Еуразия» тобы әнші Бауыржан Исаевпен бірге жұмыс істеп келеді екен.
«Музыкалық аспаптарда ойнап, жеке концерттерімнің жоғары деңгейде өтуіне үлестерін қосты» деп топқа алғысын білдірді әнші. Кеште Қазақстан эстрадасының жұлдыздары ән шырқады.
Шырайлы Шым қаладан арнайы келген Заттыбек Көпбосынұлы «Ақ маржанымен» залдың көңілін көтерді. Одан өзге Құрмаш Маxан «Дипломмен ауылға» әнін орындап, жастарды білімдерімен ауылды дамытуға шақырды. Сондай-ақ, Досымжан Таңатаров, «Қазақ қыздары» тобы өнер көрсетті.
Күйші әрі кеш үйлестірушісі «Жігер» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі Айбек Бекбосын Құрманғазы күйлерін заманауи өңдеп орындады.
Аталмыш шара университеттің ашық есік күнімен орайластырылды.