- Ыңғайлы уақытты күтпеңіз.
Егер сіз ыңғайлы уақыттың болғанын күтіп жүре берсеңіз, ешқашан да әрекет ете алмайсыз. Әрқашан сізге кедергі келтіретін нәрсе кездеседі. Белгілеген уақытыңыз сәйкес келмейді немесе тым үлкен бәсекелестік болады. Шынайы өмірде істі бастауға ыңғайлы уақыт ЖОҚ. Сіз әрекет етуді бастап, кездескен мәселелерді шешуіңіз керек. Ыңғайлы уақыт өткен күндерде қалды. Келесі мүмкіндігіңіз – дәл қазіргі уақыт. - Істің адамы болыңыз. Істі жоспарлауға емес, орындауға жаттығыңыз. Спортпен айналысқыңыз келе ме? Бастығыңызбен сөйлесуіңіз керек пе? Дәл қазір жасаңыз. Идея ойыңызда қалған сайын, оның күші әлсірей береді. Бірнеше күннен кейін бөлшектері жоғала бастайды. Бір аптадан соң ойыңызды да ұмытасыз. Істің адамы болу арқылы сіз көбірек әрекет етіп қана қоймай, жаңа идеялардың пайда болуын қамтамасыз ете аласыз.
- Есіңізде сақтаңыз: идея өзінен-өзі сізге табыс әкелмейді. Идея маңызды, бірақ оларды жүзеге асырғанда ғана бағаланады. Жүзеге асырылған идея өзінің уақытын күтіп тұрған керемет идеялардан артық. Егер сізде өзіңіз сенетін идеяңыз болса, міндетті түрде әрекет етіңіз. Іске көшпейінше, ешқашанда алға жылжи алмайсыз.
- Қорқынышты жеңу үшін әрекетті қолданыңыз. Байқасаңыз, ел алдында сөйлеудегі ең қиыны – өз кезегімізді күту. Кәсіби ораторлар мен әртістердің өзі қойылымның алдында үнемі қобалжиды. Олар сөйлей бастаған уақытта, қобалжу сейіледі. Іс-әрекет – қорқынышты жеңудің ұтымды құралы. Ең қиыны, алғашқы рет әрекет ету. Істі бастап кетсеңіз ғана, ары қарай өзіңізге сенімділігіңіз артып, жеңілірек болады. Әрекет ету арқылы қорқынышты жеңіп, сенімділігіңізді арттырыңыз.
- Автоматты түрде шығармашылық механизміңізді қосыңыз. Шығармашылық процеске қатысты ежелден қалыптасқан ой – шабыт келген уақытта жұмыс жасау. Егер сіз шабытты күтер болсаңыз, сирек және ұзақ үзілістермен жұмыс жасауыңызға тура келеді. Күтудің орнына, шығармашылық механизміңізді автоматты түрде іске қосыңыз. Егер сізге жазу керек болса, отырыңыз да, жазыңыз! Қаламды алыңыз. Не жаза аласыз, бәрін жазыңыз. Жай ғана таныс іс-әрекеттерді жасау арқылы, ми жұмысын дұрыс арнаға бағыттайсыз.
- Бүгінгі күнмен өмір сүріңіз. Назарыңызды қазір істей алатын нәрсеге аударыңыз. Бір апта бұрын жасау керек немесе болашақта жасауыңыз керек нәрселерді уайымдамаңыз. Сіз бірнәрсені өзгерте алатын уақыт – бүгінгі күн. Кешегі күн мен ертеңгі күнді көп ойласаңыз, жетістікке жете алмайсыз.
- Бірден іске көшіңіз. Әдетте, адамдар әңгімелескенді ұнатады, тіпті, іскерлік кездесуде де әдетке айналған. Мұндай жағдай жалғыз жұмыс жасайтын адамдармен де кездеседі. Маңызды іске кіріспес бұрын пошта жәшігіңізді немесе әлеуметтік желілерді қаншалықты жиі тексересіз? Бұл әдеттерден арылып, бірден іске көшуді үйренбесеңіз, көптеген қиыншылыққа кездесесіз. Бірден іске көшетін адам болу арқылы сіз өзіңізден өнімділігіңізді арттыруға күш-қуат таба аласыз, ал, адамдар сізден көшбасшыны көре алады.
Белгілі бір адамның бұйрығынсыз, өз еркіңізбен жұмыс жасау үшін ұйымдасқан адам болу керек. Жаңа бастамаларды қолдан жібермеңіз. Ойыңызға идея келсе, бірден жүзеге асыра бастаңыз. Сонда ғана, сіздің табандылығыңызды көріп, көзге іледі. Жоғарыда отырғандарға ешкім не істеу керектігін айтпайды. Егер оларға қосылғыңыз келсе, тәуелсіз әрекет етіңіз.
Автор: Ботакөз Қамзан