Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі «18-мамыр Халықаралық музейлер күні» қарсаңында «МУЗЕЙ ТҮНІ – 2016» біркүндік акциясын өткізіп, келушілерге тегін қызмет көрсетті.
Мұнда келушілер үшін музейдің экспозиция залдарына тегін шолу экскурсиясы, жас өспірімдер орталығының коцерттік бағдарламасы, «Оңтүстік цирк» ұжымының қойылымы, танымдық-викториналық ойындар және «САҚ» киностудиясы түсірген анимациялы фильмдер көрсетілді.
Сонымен қатар, қолөнерші Бейісбековтар отбасының, балалар көркемсурет мектеп ұстаздарының шеберлік сабақтары өткізілді. Осы іс-шара аясында жеке коллекционер А.И.Яганиннің, «Отырар» кітапханасының, балалар көркемсурет мектебінің, жас өспірімдер орталығы балаларының шығармашылық көрмесі де ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Музей – халық айнасы», музей қорындағы құнды жәдігерлер коллекцияларының көрмелері көпшілік назарына ұсынылды.
Кешкі уақытта келушілерге ерекше әсер қалдыру мақсатында шамның жарығымен экскурсия жүргізіліп, оңтүстік өлкесі жайлы үздік аңыз-әңгімелер және түнгі музейдегі селфи байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталып сыйлықтар табысталды. Музейге келушілер «Зерде-Фито», «Визит», «Усадьба Ладушки», «Рахат» дүкендерінің жәрмеңкелеріне де қатысты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі