Астанада Оқушылар сарайында дарынды балаларға арналған дәстүрлі «Триумф» балы өтті. Шара барысында республикалық, халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының және жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді. Биылғы бал «Астана дарыны» ғылыми-практикалық орталығының 10 жылдығына арналды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Елордалық 150 дарынды оқушы холлда шыр айналып вальс биін биледі. Әдемі көйлектер киген қыздар, смокинг киіп, көбелек-галстук таққан жігіттер керемет атмофера орнатты. Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев түлектерді құттықтап, ересек өмірге аяқ басқан оқушыларға сәттілік тіледі.
— Бүгін ересек өмірге аяқ басқалы тұрсыңдар, ақ жол тілеймін. Сендер бақыттысыңдар, қаланың ең үздік мектептерінде оқып, білім алдыңдар, қалғаны өздеріңе байланысты. Елордада білім беруге жақсы қолдау көрсетіледі. Ендігі міндеттерің еліміздің нағыз азаматы болу. Барлық армандар мен жоспарларың орындалсын. Іске сәт,- деді Ермек Аманшаев.
Республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурсының жеңімпаздарын, сондай-ақ, халықаралық олимпиадалар жүлдегерлерін, ҚР олимпиадалық құрамасының мүшелерін дайындауға елеулі үлес қосқан қалалық жалпы орта білім беретін мекемелердің басшыларын, ғалымдарды салтанатты түрде марапаттау кештің маңызды сәттерінің бірі болды.
Шара барысында биылғы республикалық олимпиадада және ғылыми жобалар конкурстарында алтын алған 15 елордалық оқушы марапатталды. Ресми бөлімнен кейін мерекелік концерт өтті, отандық эстрада жұлдыздары мен жаңа бастаған орындаушылар түлектерді мектеп бітірулерімен құттықтады.
2015-2016 оқу жылында елордалық оқушылар АҚШ, Бразилия, Грузия, Ресей, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде өткен халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 268 медаль еншіледі. Республикалық олимпиада мен ғылыми жобалар конкурсында елордалық команда 10 жылдан бері жалпыкомандалық есепте І орын алып келеді, сондай-ақ, «Үздік команда» атануда. Биылғы оқу жылында астаналық оқушылар 97 жүлделі орын иеленген.