Қазақ географиялық қоғамы мен норвегиялық ғалымдар бірлесіп, Скандинавия мен Қазақстан арасындағы этнографиялық байланыстарды зерттемек. Жаңа жоба шеңберінде Норвегия телевизиясы журналистері Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен, еліміздің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін деректі фильм түсірмек.
Сонымен қатар, зерттеу барысында норвегиялық ғалымдар қазақстандықтардың этногенетикасына ғылыми зерттеу жүргізеді. Өйткені, олар екі ұлттың арасында көптеген ұқсастықтар бар деп болжайды. Оған қоса, делегация құрамында «NRK» арнасының түсірілім тобы мен ғалым-тарихшы Стурла Эллингваг та бар. Халықаралық ғалымдар тобы ежелде Орталық Азия тілдердің орталығы болған деседі. Ал өз кезегінде «NRK» арнасы еліміздің салт-дәстүрін, табиғи ерекшеліктерін баяндайтын бағдарламаға да арнайы репортаж түсірмек ниетте.
«Қазақстанға алғаш келіп тұрғаным жоқ. Бұл ел мені әсіресе терең тарихы мен мәдениетінің ерекшелігімен таңғалдырды. Зерттеу жұмысымыз әлі аяқталған жоқ. Әзірге нәтижесі белгісіз. Норвегиялық ғалымдар Қазақстан жерінде табылған археологиялық мүрделердің ДНК-сын да зерттейді. Екі елді салыстырамыз. Қазақстандықтар келісіп жатса, екі елдің азаматтарының да генін зерттеу ойда бар. Ұқсастықтар барына сенемін»,- деді тарихшы-ғалым (Норвегия) Стурла ЭЛЛИНГВАГ.
Оған қоса, ғылыми журналистиканы дамыту мақсатында Қазақ географиялық қоғамының ұйымдастыруымен белгілі норвегиялық ғалым, әрі «NRK» арнасының жүргізушісі журналистерге шеберлік сабағын өткізді. Математика ғылымының докторы, профессор және журналист Джо Рослиен ғылыми зерттеулердің дұрыс жүргізуді және заманауи бағдарларын айқындауға үйретпек. Норвегиялық журналистер алғашқылардың бірі болып ғылыми журналистиканы дамытуға мықтап кіріскен.