Өңірімізде өнерлі жастарды қолдау және ел арасында таныту, оларды толерантты рухта тәрбиелеу, кәсіби өсуіне ықпал жасау мақсатында Ұлттық жастар Дельфийлік ойындарының облыстық байқауы өткізілді. Биыл ХІІ рет шымылдығын түрген бұл байқауды Оңтүстік Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырды.
Шығармашылық саланың 15 түрінен: фортепиано, баян-аккордеон, скрипка, домбыра, қылқобыз, академиялық ән салу, дәстүрлі ән, эстрадалық ән , халық биі, классикалық би, қазіргі заман биі, бейнелеу өнері, журналистика, поэзия және ұлттық қолөнер шығармашылығы сияқты номинациялар бойынша тартысты өткен шығармашылық додаға аудан-қалалардан 200-ден аса жастар қатысты.
Ұлттық рух пен шынайы кәсібилік турасында жарысқа түскен жастардың 39-ы түрлі өнер аталымдары бойынша дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Байқау жеңімпаздары биылғы екінші жарты жылдықта Ақмола облысы, Степногорск қаласында өтетін ХІІ Ұлттық жастар Дельфийлік ойындарының Республикалық байқауына жолдама алды.