Алматы облысы Ескелді ауданында парапланерлық спорт түрінен халықаралық Азия чемпионаты басталды. Оған Қазақстанмен қатар Жапония, Үндістан, Ресей, Тайланд, Қытай және Оңтүстік Корея елдерінің спортшылары келді. Аталмыш сайыс Азия елдері арасында үшінші, ал біздің өңірімізде халықаралық деңгейде алғаш рет өткізіліп отыр. Шараның салтанатты ашылуында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев құттықтау сөз сөйледі.
Сонымен қатар халықаралық Авиаспорт федерациясының төрағасы Р. Белчуна сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ереже бойынша, әуеде ұшатын спортшылар белгіленген бағытты жылдам аралықта ұшып өтіп, көрсетілген нүктеге барынша дәл қону арқылы бақ сынайды. Талап бойынша, ең кемі 30 – 100 шақырым аралығында ұшуы тиіс.
Жарыстың мақсаты – парапланерлық спорт түрінің деңгейін көтеріп, ең үздік Азия чемпиондарын дайындау.
Спортшылар сайысына төрешілер Англия, Нидерланд, Индонезия, Сауд Арабиясы, жалпы әлемнің сегіз елінен келген. Чемпионат аптаның соңына дейін жалғасады.