Бүгін Талдықорған қаласында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні қарсаңында «Жастар» мәдени-демалыс саябағынындағы «Этноауылда» орнатылған ту тұғырына 92 метр биіктікке Мемлекеттік ту көтерілді. Бұл биіктік өлшемі Қазақстан Тәуелсіздігінің жаңа мемлекетік символдары бекітілген 1992 жылға негізделіп алынған.
Мерекелік шара Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуге дейінгі тарихи жолдары бейнеленген театрландырылған көрініспен басталып, балабақша тәрбиеленушілері Отан, Мемлекеттік рәміздер, тәуелсіздік туралы өлең-тақпақтарын оқыды.
Туды көтерер алдында облыс әкімі Амандық Баталов жиналғандарды салтанатты шарамен құттықтап:
— Бүгін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Жетісудың бас қаласы Талдықорғанда Мемлекеттік Ту тұғырына орнатылып, салтанатты түрде көтеріледі. Осындай Мемлекеттік Ту Астана, Алматы сияқты еліміздің ірі қалаларында орнатылған. Бұдан былай мемлекеттік мерекелер осы Ту тұғырының астында өтетін болады.
Көк Тудың тұғырын биіктету – Қазақстанның ертеңгі тізгінін ұстайтын, болашақтың иесі — жастарға аманат, – деді өз сөзінде.
Облыс басшысы, сонымен қатар біздің мемлекеттік туымыздың ынтымағы мен бірлігі жарасқан елдің символына айналғанын да атап өтті.
— Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біз Тәуелсіздікке қол жеткіздік, енді сол Тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет»,- деп атап өткендей, біз үшін Мемлекеттік рәміздер – ұлттық тұтастықтың кепілі.
Дана халқымыз «Туған жерге туыңды тік» дейді. Олай болса, Жетісудай жер жаннатында алып ту тігу – біз үшін асқан абырой, зор мәртебе. Тудың кеңдігі – еліміздің дархандығы, биіктігі – мәртебесінің асқақтауы деп білеміз. Туымыз тұғырлы, тәуелсіздігіміз ғұмырлы болсын! – деді ізгі тілегін білдіріп.
«Көк тудың желбірегені» және «Қазақстан — Нұрсұлтан» патриоттық әндері белгілі әнші Ибрагим Ескендір мен «Талдықорған әуендері» ансамблі әншілерінің орындауында шырқалса, бұдан әрі мереке саябақтың негізгі сахнасында жалғасып, Сүйінбай атындағы облыстық филармония, «Талдықорған әуендері» ансамблі, Қазақстан эстрадасының өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.