«Астана кештері» атты халықаралық өнер фестивалі аясында классикалық музыка кеші өтті.
Кешке Американың ең атақты скрипкашыларының бірінші үштігіне кіретін – Филип Квинт арнайы шақыртылды. Сондай-ақ, қазіргі пианистердің арасында ең танымал, П. И. Чайковский атындағы ІХ халықаралық байқаудың жеңімпазы – Борис Беризовский өнер көрсетті. Ал «Астана Опера» симфониялық оркестріне дирижерлік еткен – ресейлік Константин Хватынец. Халықаралық деңгейдегі музыканттар қатысқан кешке келген қонақтардың қарасы көп болды.
Дәстүрлі түрде бесінші рет ұйымдастырылып отырған бұл фестиваль, ең алғаш рет 2012 жылы бастау алды. Ұйымдастырушылары – «Дегдар» гуманитарлық қоры мен «JTI» компаниясы. «Дегдар» қорының Қамқорлық кеңесін басқаратын Дариға Назарбаеваның бастамасымен дүниеге келген жоба. Жыл сайын фестивальге әлемнің әр елінен классика, халық, эстрада музыкасының орындаушылары қатысады.
Аталмыш фестиваль қайырымдылық жобасы болғандықтан, билеттердің барлығы тегін таратылады. Ұйымдастырушылар әлемдік өнер жауһарларына ынтық жандардың барлығын араластыруды мақсат етеді.
Автор: Шырақ Байкенова
https://www.youtube.com/watch?v=P_O8VxwgJU0&feature=youtu.be