Жуырда Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Клиникалық медицинаның өзекті мәселелері» атты I Халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференция болып өтті.
Оған ірі шетел және отандық бизнестің, экономиканың және мемлекеттік ұйымдардың әртүрлі салаларының өкілдері ашық диалог өткізу үшін жиналды.
Конференция қатысушылары ең алдымен Ақтөбеде болған лаңкестік әрекет құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Осыдан кейін облыстың медицина саласында соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктері жайында дайындалған бейнесюжет көрсетілді.
Конференцияда сөз алған өңір басшысының орынбасары Б. Өнербаев форумның аясында болатын кездесулер мен диалогтар болашақтағы өзара тиімді және жанжақты ынтымақтастықты дамытуға, облыс экономикасының барлық салаларында инвестициялық әлеуетті тиімді қолдануға мүмкіндік беретіндігін атап өтті.
Сондай-ақ өз сөзінде облыстың медицина саласында атқарған жұмыстары, жетістіктері мен жоспарларына да тоқталды.
Осыдан кейін РФ Халықтар достығының Ресей университеті (РУДН) және Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы арасында ынтымақтастық жөніңдегі меморандумға қол қойылды.
Жалпы конференция барысында «Денсаулықты сақтау технологиялары» мекемесінің бас директоры О. В. Симаков, медицина ғылымдарының докторы, профессор М. А. Газимиев, Тель-Авив медицина орталығының операциядан кейінгі бөлім меңгерушісі А. Зегерман, Ресей университеті Медициналық Институты госпитальды терапия кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы П. Огурцов, медицина ғылымдарының докторлары, кардиология және ішкі аурулар ҚазҒЗИ директорыының орынбасары Г.Жүнісбекова мен Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі, профессор С. Қасенова баяндама жасады.
Конференцияда бүгінгі күннің проблемалы мәселелері талқыланып, оған қатысты түрлі пікірлер айтылды, емдеу жолдарының түрлі әдіс-тәсілдері түсіндірілді.
Жиын соңында медицина саласының дамуына сүбелі үлес қосып, азаматтардың дертіне шипа тауып жүрген азаматтар марапатталды.