ХІІ Дельфий ойындарының жеңімпаздары анықталды. Елорда бойынша 13-15 маусым аралығында өткен сайысқа екі жүзден астам өнерпаз қатысты. Биыл бұл өнер додасы «Тәуелсіздікпен – болашаққа» деген ұранмен 14 және қосымша 4 жоғары аталым бойынша өткен.
Ұйымдастырушылар «бұл жолғы ойындардың басты жаңалығы – ишара тілінде ән айту, киім дизайны және диджей номинациялары», — дейді. Айта кетейік, Дельфий ойындарының мақсаты – 10 және 25 жас аралығындағы шығармашыл жастарды анықтап, оларға қолдау көрсету.
Әлия Аппасова, ұйымдастырушы:
— Қалалық ойындардан кейін бірінші және екінші орын жеңімпаздары міндетті түрде республикаға өтеді. Ал, республикалық ойындарда өзінің өнерін көрсетіп жеңімпаз атанғандар халықаралық деңгейдегі Дельфий ойындарына қатыса алады.