Қарағанды облысының іргесіндегі «Спасск» оқу-жаттығу орталығында «Алтын Үкі-2016» 4-ші халықаралық мергендік жұптар сайысы басталды. Бұл сайыс барысында өзі ісінің үздіктері кездесті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Аталған жарысқа ҚХР, АҚШ, Ресей Федерациясы, Белорусь Республикасы, Ұлыбритания, Пәкістан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының күштік ведомствалардың мергендері қатысады. Сайысқа қатысатын мергендер көптеген елдің қару-жарақ қатарын құрайтын заманауи мергендік мылтықтың үлгілерін қолданады.
Жарыстың мақсаты – түрлі үлгідегі кәсіби тәсілдерді орындау әдістерін жетілдіру, мергендердің дене төзімділігіне шыдау мүмкіндіктерін анықтау, психологиялық кернеуге шыдау, сондай-ақ атыс және далалық машық деңгейін анықтау. Дәлдеп атудың шеберлері 5 күн бойы түрлі қашықтықтағы нысаналарға атудан, жылдам атудан, бүркемелену машықтары мен ойлы-қырлы жерлерді бағдарлаудың үздігі атану үшін күресетін болады.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы «Алтын үкі – 2015» жарысында Қазақстанның арнайы мақсаттағы бөлімшелері жеңімпаз атанып, алтын кубокты иеленді. Бұл жарыстың әр кезеңі жоғары деңгейдегі төзімділікті, күш-жігерді, сапалы командалық жұмыс пен әр қатысушының жақсы даярлығын талап етті.