Жыл сайын Елорда күні қарсаңында Астанада «Сахнадан сәлем!» халықаралық театр фестивалі өтеді. Шара маусымның 20-сы мен 26-сы аралығында өз көрермендерін күтеді. Осымен төртінші рет өткізілетін фестивальдің шымылдығы «Жастар» театрында режиссер Н. Жақыпбайдың «Моцарт» мюзиклімен ашылады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Апта бойы елордалық театр сахналарында Астана, Алматы, Жезқазған, Орал, Өскемен, Шымкент, Семей қалаларының, сондай-ақ мәскеулік «Театр Луны» және киевтік «PaperWall» театрларының труппалары өз өнерлерін ортаға салады. Биыл шараға 11 театр қатысады.
«Бұл өте қызық фестиваль. Біздің басқа да қазақстандық шараларға қарағанда «Сахнадан сәлем!» нағыз мереке, мұнда достар мен кәсіпқойлар кездеседі, шығармашылық практикамен және тәжірибемен алмасады. Фестивальдің құндылығы да осы», — деді театр сыншысы және драматург Еркін Жуасбек.
2013 жылдан бері фестивальге Қазақстанның барлық өңірлерінің, сондай-ақ, таяу және қиыр шетелдердің: Ресей, Литва, Түркия, Дагестан, Грузия театрлары қатысты.
IV халықаралық театр фестивалінің құрметті қонақтары әрі қазылар алқасы құрамында танымал драматург, театр сыншысы Еркін Жуасбек, ҚР халық әртісі, Гүлжахан Әспетова, Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов, сондай-ақ шетелдік қонақтар Мәдениет қайраткерлерінің астаналық цехі кеңесінің мүшесі Игорь Краснопольский және театртанушы Мария Юрьева сынды өнер қайраткерлері болады.
Елорда тұрғындары мен қонақтары апта ішінде «Антракт» драмасын, «ОнОнаЖизнь» визуалды-пластикалық спектаклін, «Қара шекпен» мысалын, «Зверь» фантастикалық тарихын, «Құлан қыпшақ – Кейкі батыр» тарихи драмасын, «Пробуждение» трэш-драмасын, «Бас», «Жалт еткен бір сәуле», «Бір кем дүние» драмаларын тамашалайды. Спектакльдер бағдарламасы төменде ұсынылған.