Алматы облысында шегірткеден қауіп жоқ.
Өйткені шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес жылдағыдай өз жоспарымен жүріп жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Алматы облысындағы аумақтық инспекциясының мамандары мәлімдеді. Олардың айтуынша, шегіртке мен басқа да зиянкестерге қарсы жұмыстарды үйлестіретін комиссия құрылған. Оның жұмыс топтары барлық ауданда бар. Қазір 6 ұшақ пен 18 бүріккіш техника өңдеу жұмыстарына тартылған. Олардың күшімен 101 мың гектар жер химиялық жолмен өңделді.
Серік Ақанов, ҚР АШМ Алматы облысындағы аумақтық инспекциясының басшысы:
— Ауылдық әкімдер, шолушы бар, малшы бар, өздерінің округтеріндегі жер иелері бар — солармен күнде хабарласамыз, біздің штабқа, аудандық штабқа, облыстық штабқа тұрақты ақпарат беріп отыр. Біз ары қарай техникасын қолданып, күнделікті өзіміз атқаратын қызметтерімізді атқарып отырмыз.