Астана қаласының Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 1 сәуірде ашылғанымен, осы күнге дейін ондаған жас елордалық пен қарияға қол ұшын созды. Орталықта ересектер мен балаларға әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, мәдени, еңбек, экономикалық және құқықтық қызметтер ұсынылады. Апта сайын мүмкіндігі шектеулі балалар гидро- және иппотерапиядан өтеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Орталықта дефектологтар, психологтар, еңбек терапевттері, музыка мұғалімі, Емдік дене шынықтыру нұсқаушылары және реабилитолог дәрігерлер жұмыс істейді. Олар 290 жалғыз басты қария мен І және ІІ топтағы мүгедектерге, сондай-ақ, психологиялық патологиясы бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған 300 жуық балаға көмектеседі.
Балалар блімінің қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді оңалту үшін апта сайын «Құлагер» ат спорты кешенінде иппотерапия өткізеді. Қазіргі кезде аталған ем түрімен 200 астам бала қамтылған.
Балалар атқа мініп қана қоймай, ойын алаңдарында ойнайды, батутта секіреді, жан-жануарлар бұрышын тамашалайды. Мұнымен қоса, орталықта гидротерапия қызметтері де ұсынылады.
Барлық қызметтер тегін ұсынылады. Өз денсаулығын жақсартып, өмір сүру сапасын жақсартқысы келетіндер ересектер мен балалар үшін орталықтың есігі әрқашан да ашық. Жазылу туралы ақпаратты www.soc-center.kz сайтынан немесе 27-32-18 телефоны арқылы алуға болады.