Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірдің дарынды балаларымен кездесті. Облыс орталығындағы Тілдер сарайында өткен осынау кездесуге дарынды да зерек 50 жас қатысты. Олардың барлығы түрлі деңгейдегі олимпиадалардың, ғылыми байқаулар мен зияткерлік жарыстардың жеңімпаздары болып танылған.
Аймақ басшысы А. Баталов өзінің құттықтау сөзінде:
— Бүгін біз мұнда жас дарын иелерін ұлықтау үшін жиналып отырмыз. Мемлекетіміз сендердің мүмкіндіктерің мен бойларыңдағы өнерлеріңді дамытуға, сендерге сапалы білім беру үшін әлемнің дамыған мемлекеттерінің стандарттарына сәйкес барлық жағдайды жасауда. Осында тұрған барлығыңның болашақтарың жарқын болатындығына, есімдерің тек Қазақстанға ғана емес, барша әлемге танылатындығына сенімдімін. Жақсылыққа, білімге, өнер мен ғылымға деген талпыныстарың мен құлшыныстарың үшін жеке өз атымнан сендерге тағы да алғыс білдіргім келеді. Сендерге зор денсаулық, көтеріңкі көңіл-күй, жарқын болашақ тілеймін, — деп сөзін қорытты.
Осыдан кейін облыс әкімі өңірдің ең дарынды балаларына құрмет грамоталары мен естелік сыйлықтарын табыстады.
Ал балалар есесіне көңіл бөліп, сый-сияпатқа бөлегені үшін Амандық Ғаббасұлына алғыстарын білдіріп, өздеріне артылған сенімді қашан да ақтауға тырысатындықтарын уәде етті.
Сонымен қатар шара аясында ғылыми жобалардың таныстырылымы өтті.
Республикалық «Зерде» шығармашылық жобалар байқауының жеңімпазы Әділет Қажыақпар өзінің «Қазақтың ағаш ұқсату өнері» атты жобасымен таныстырды. Сондай-ақ халықаралық ғарыштық зерттеулер жобалары байқауының жеңімпаздары Әсия Мақұл мен Карина Тұрсұновалар да өз жұмыстарын көрермен назарына ұсынды.