Домой Жаңалықтар Әлем Сүйінбай ақын ескерткіші Түркияның төріне қойылды

Сүйінбай ақын ескерткіші Түркияның төріне қойылды

Сүйінбай ақын ескерткіші Түркияның төріне қойылды

Сүйінбай ақын ескерткіші Түркияның төріне қойылдыАнкара қаласының ең үлкен саналатын Кечиорен ауданында сөздің пірі атанған Сүйінбай ақынның бюсті орнатылды. Былтырғы жылы ақынның 200 жылдығына орай осы елде Сүйінбай саябағы ашылған болатын.

Саябақтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Кечиорен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак «Қазақ жері атажұртымыз болса, түрік жері анажұртымыз. Байланысымыз жалғасып, өткен жылы ашылған саябақтың ішіне бүгін шайырдың бюстін қойып отырмыз. Рамазан айымен дөп келіп отырған қуаныш құтты болсын!» — деді.

Алматы облысы əкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев та сөз алып, тəуелсіздіктің 25 жылдығына орай атқарылып отырған шара Елбасының сарабдал саясатының арқасында жүзеге асып отырғанын жеткізді. Қазақ халқының, облыс басшының атынан түрік бауырларға, осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыс айтып, мұндай шаралардың түркі дүниесін байыта түсетініне, Мəңгілік елдің мəңгілік мұралары болатынына сенім білдірді.

ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстанның Түркиядағы Төтенше жəне өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев, мемлекет жəне қоғам қайраткері Шəмшə Беркімбаева, ақынның тікелей ұрпағы Ғабит Садырбаев екі ел арасында саяси, экономикалық байланыстармен қатар алтын көпір болып отырған руханият əлемі – түркілік тұтастық екенін атап өтті. Сүйінбай ескерткішінің ашылуын соның бір жарқын көрінісіне балады.

Бюстің ашылу рəсімін Сүйінбай атындағы облыстық филармония өнерпаздары əн-күймен көмкеріп, анкаралықтардың ыстық ықыласына бөленді, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Бюстің авторы – мүсінші Нұрғалым Исабаев. Өткен жылы Н. Исабаевтың жасаған мүсіні ақынның туған ауылы Қарақыстаққа қойылған болатын. «Бұл бюст Қарақыстақтағыға қарағанда көлемі жағынан үлкен. Жəне бұл жұмысымда қазақтың киімдеріндегі ою-өрнектерін зерттеп жүрген ғалымдармен бірлесе отырып, бас киімі мен шапанындағы зердің мəн-мазмұнына жете мəн бердім. Мəселен, қалпағына билерге тəн «Билік ағашы» оюы салынды», дейді автор.

Бюстің тұғырымен қосқандағы жалпы биіктігі 2,60 метр, иық тұсынан ені 1,35 метр.

Осы күні «Калаба Кент» алаңында Жамбыл жыраудың 170 жылдығына орай облыстық Сүйінбай атындағы филармония мен «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі қазақ өнерін паш етіп, халық əндері мен билерін анкаралық көрермендер назарына ұсынды.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here