Түркияның астанасы Анкара қаласында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай ғылыми конференция өтті. Бұл айтулы шараға Алматы облысының делегациясын облыс əкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев бастап барды. Делегация құрамында мемлекет жəне қоғам қайраткері Шəмшə Беркімбаева, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, ғалымдар Бақтияр Сманов, Тоқтар Албеков жəне басқа да азаматтар болды. Юнус Эмре атындағы мəдениет орталығында өткен конференция жұмысын Кечиорен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак құттықтау сөзбен ашып, қонақтарға ыстық ықыласын білдірді. Түбі бір туыстас халықтар арасындағы тамыры терең байланыстардың жаңа заманда жалғаса беретініне, жаңғыра беретініне сенім білдірді, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Мұнан соң Алматы облысы əкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев Жамбыл бабамыздың 170 жылдығы ақпан айында Жетісу жерінде басталғанын, бүгін сол игі істі түрік бауырларымыз бастамашы болып өз елінде жалғастырып отырғанын ризашылықпен атап өтті.
— Қазақтың Гомері атанған ақынның мұрасы мəңгілік. Оның туындыларын қазір тəуелсіздік тұрғысынан бағамдап келеміз. Бұл іске түрік бауырларымыз да айшықты үлес қосуда. Бүгінгі конференцияны қазақ еліне деген зор құрмет деп білеміз. Барша түрік бауырларымызды елімізде мерейтойдың мəресі ретінде Алматы облысында өтетін үлкен республикалық айтысты тамашалауға шақырамын. Облыс əкімі Амандық Баталовтың атынан осы шараны ұйымдастыруға мұрындық болған түрік бауырларымызға, ТҮРКСОЙ ұйымы мен Түркиядағы елшілікке зор алғыс айтамын – деді Б. Өнербаев өз сөзінде.
Сонымен қатар ТҮРКСОЙ бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстанның Түркиядағы төтенше жəне өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев, Шəмшə Беркімбаева сөз алып, екі ел арасындағы достық қарым-қатынас, рухани үндестік, соның ішінде Жамбыл жыраудың өлмес мұрасы туралы айтып өтті. Жыраудың өмірі мен шығармашылығы əрі эпик ақын, əрі айтыс ақыны, əрі азаматтық үні айқын тұлға ретінде əр қырынан талданды. Бір миллион жол өлеңі бар ғасыр жасаған жыраудың Көроғлыны отыз күн жырлағаны да тілге тиек етіліп, бұл мұраларды түрік азаматы Ахмет Аляздың жаңа қырынан зерттеп жүргені де айтылды. Сол сияқты Мугла университетінің доценті Экрем Аян, Халықаралық Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Омироғлы, «Қазақ əдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, Гази университетінің докторы Жемиля Кнаджы қазақ елі мен Анадолы елінің өнеріндегі ұқсастық пен ортақтыққа қатысты, жамбылтануға байланысты пайымды пікірлерін білдірді.
Жетісудан арнай келген əнші Бейбіт Мұсаев Жамбылдың «Ақындарға арнау» атты толғауын шырқаса, Кенже Ақжолова «Əдемі қыз» əнімен тəнті етті.
Конференцияға дейін Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармония əртістері мен «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблі Астана күніне орай «Anteres» сауда үйінің фойесінде мазмұнды концерт қойғанын да атап өту керек.