Алматы облысының 15 компаниясы «Алтын сапа» мен «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесіне қатысуға өтініш білдірді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері айтты.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халық тұтынатын тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын», «Қызмет көрсететін үздік кәсіпорын» аталымдары бойынша жыл сайын табысталады. Ал «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесінің басты мақсаты — отандық кәсіпорындар мен ұйымдар өнімдерінің сапасын арттырып, оның қызметін өзектендіру, Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға жағдай жасау, сонымен қатар, сапа идеяларын көпшілікке тарату. Өткен жылы Астана қаласында «Үздік өндірістік тауар» аталымында облыс атынан «Рыбпром» ЖШС марапатталған болатын. Ал «Байсерке Агро» ЖШС «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанған.
Облыстық кәсіпкерлер палатасында байқауға қатысу ережелері, қатысу мен бағалау әдістемесі бойынша оқу-семинары өткізіліп, биыл оған жергілікті 27 компания қатысты. Айта кету керек, байқауларға қатысу өтініштері осы жылдың 1 шілдесіне дейін қабылданады. Кейін сарапшылар тобы облыстық кезең қатысушыларын анықтайды. 2015 жылы аймақтық кезеңге Алматы облысының 32 кәсіпорны қатысқан болатын.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер бойынша орынбасары Әсет Шаяхметовтің айтуынша, байқау өңірдің ең үздік өндіріс орындарын анықтайды.
«Байқау критерийлері кәсіпорындардың мықты тұстары мен алдағы уақытта дамытуы қажет бағыттарын анықтайды. Сондай-ақ, қатысушысы атанудың өзі өндірістің дамуына серпін береді, тауар өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Бұл мәселе қазақстандық бизнес үшін ЕАЭО мен ДСҰ жағдайында аса маңызды», — деп атап өтті Ә.Шаяхметов.