Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен облыстық соттың төрағасы Мейрамбек Таймерденов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісімнің негізгі мақсаты – облыстағы сот жүйесін модернизациялау мақсатында атқарылатын жұмыстарды «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес жүргізу.
Кездесу барысында облыс әкімі А. Баталов бұл меморандумның бұдан әрі де жетістіктер мен жемісті ынтымақтастыққа ықпал ететінін жеткізді.
— Бүгінгі күні Президент белгілеген 5 институционалды реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау маңызды міндеттеріміздің бірі, онда сот жүйесін жаңғырту жөнінде 11 мақсатты қадам айқындалған. Бұл орайда бітімгершілік рәсімдері мен медиация тәжірибесін дамытудың маңызы зор. Бұл екі тараптың дауды қысқа мерзімде, материалдық және моральдық жағынан неғұрлым аз шығынмен шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жеке бір қадамда атап көрсетілген сот процестерін дыбыс-, бейнежазба жүйелерімен қамту ісі де облыста енгізіліп жатқаны қуантады. Енді біз меморандум шеңберінде үш басым бағыт аясында халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізетін боламыз, — деді А. Баталов.
Облыстық соттың төрағасы М. Таймерденов басым бағыттар ретінде облыстың аудандық соттарының жанынан арнайы кабинеттер ашу, қоғамда беделі бар азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін кәсіби емес медиацияны дамытуға тарту істерін атап өтті.
Сонымен қатар М. Таймерденов Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының рейтингісі бойынша Алматы облысының соттары медиацияны қолдану мен дамыту жағынан алдыңғы қатарда екенін жеткізді.