Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы «Рахат» шағын ауданында «Жаңа Алатау» қоғамдық қорының қайырымдылық қаражатына балалар алаңқайы жасалып, пайдалануға берілді.
Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының хабарлауынша, бұл биыл Наурызбай ауданында ашылған төртінші балалар алаңқайы. Жыл соңына дейін тағы да 22 балалар спорт алаңын пайдалануға беру жоспарланған.
Осылайша, қазіргі таңда оңтүстік астанада «Алматы-2020» бағдарламасының «Әлеуметтік бағдарланған қала» бағытына сәйкес, ішкі аулалық аумақтарды дамыту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.
«Қаланың спортттық инфрақұрылымын салу — 2020 жылға қарай, спортпен тұрақты түрде айналысатын қала тұрғындарының үлес салмағын 30 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.
Айта кетелік, қолданысқа берілген жаңа алаңқайда 288 шаршы метрлік мини-футбол алаңы, көше тренажері, балалар әткеншектері, жарақат алудан қорғайтын 140 шаршы метрлік резеңке төсеніш, сондай-ақ, қоқыс тастайтын жәшіктері бар орындықтар орналасқан.
Абаттандырылған нысанның жалпы аумағы — 1000 шаршы метр.
Жобаның құны — 12 млн теңге.
Айта кетелік, осы аптаның соңына қарай, Наурызбай ауданында тағы 2 алаңқайдың құрылысы аяқталады.