Қонақтарды қарсы алған Ерік Сұлтанов кездесу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өңіраралық ынтымақтастықты дамыту тапсырмасының аясында өтіп отырғанын айтты.
«Мұнай газ машина құрастыру саласы бойынша облыста 10 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ең ірілері – «Петропавл ауыр машина жасау зауыты», «Мұнаймаш», «С.М. Киров атындағы зауыт». Аса ірі болмаса да он мыңнан астам түрлі бөлшек жасайтын зауыттар бар. Біздің жақсы машиналар жасауға тәжірибеміз жетеді», — деді Ерік Хамзаұлы.
Батыс Қазақстан облысының әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, өз кезегінде, бүгін қол қойылатын меморандум ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің бастауы болатынын айтты.
«БҚО мен СҚО географиялық орналасуын, әлеуетін ескере келе ынтымақтастықтың келешегі зор деп білемін», — деді Бағдат Азбаев.
Облыстың әлеуетіне «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясының бас директоры Ренато Мароли өз бағасын берді.
«Біз бүгін бірнеше зауытты аралап, үлкен әсерде қалдық. Біздің жақ жеткізушілерге барлық ақпаратты беріп, шарттарды түсіндіруге әзір», — деді Ренато Мароли.
«Біз «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясымен әріптестікке мүдделіміз. Бізге шарттарыңызбен танысу маңызды», — деді Ерік Сұлтанов.
Облыс әкімі бүгінгі кездесу өңіраралық ынтымақтастықтың әрі қарай табысты дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.
СҚО баспасөз қызметі