«100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы заң үстемдігі тұрғысынан сот жүйесіне бекітілген барлық 11 қадам Алматы облысы бойынша жүзеге асырылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облыстық сотының судьясы Нұргүл Айымханова мәлімдеді.
— Осы жұмыстың нәтижесінде ұлттық сот жүйесі айтарлықтай жаңартылды. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап соттар сот төрелігінің үш деңгейлі жүйесіне көшті. Судьялар этикасы кодексінің жаңа жобасы әзірленді. Кодексті қабылдау ағымдағы жылы судьялардың VII съезіне жоспарланып отыр. Бүгінгі күні елімізде «Сот кабинеті» электронды қызмет көрсету жүйесі жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Бұл жүйе арқылы сот дауына қатысушылар өз істерінің қозғалысын қадағалауға мүмкіндіктері бар. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ішкі порталында «Талдау» форумы енгізілді. Бұл жаңа қызмет өзіне барлық санаттағы республика соттарының сот тәжірибесінің жалпы қорытындысын кіргізеді. Жоспарланған қадамдар сот жүйесінің жұмысының ашықтығын арттыруға бағытталған, нәтижесінде қоғамның сотқа деген сенімі артады, — деді ол.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, 2016 жылдың тек 6 айдың өзінде соттардың өндірісіне 20 182 азаматтық іс түскен. Оның ішінде медиация тәсілімен 1001 іс оң шешілген. Соттармен анықталған заң бұзушылықтар бойынша 120 жуық жеке ұйғарымдар шығарылған. Осы орайда айта кетейік, Алматы облысы бойынша жергілікті жерлерде 37 «Медиация кабинеті» жұмыс істейді. Онда тұрғындарға медиатордың кеңестерін алуға жағдай жасалған.
Алматы облысының барлық сатысындағы соттарда істер толығымен дыбыс-бейне жазба құралдарымен қаралады. Мұндай қондырғыларымен бүгінгі күні Алматы облысы соттарындағы сот отырысы залдары 90% жабдықталған. Былтырғы бірінші жартыжылдықта сот ісінің өтуіне көңіл толмаушылық білдірген 8 арыз түскен болса, биылғы 6 айда небары 1 ғана шағым түскен. Демек, бұл сот барысының үтір-нүктесіне дейін дыбыс-бейне құралдарына тайға таңба басқандай жазылып, ашық өтетіндігінің нәтижесі.
Істі сот талқылауына дайындау институтына аса үлкен мән берілгендіктен олармен судьяның істі сот талқылауына дайындау жөніндегі әрекеттеріне ерекше көңіл бөлу мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Сөзбұйдалыққа жол бермеу мақсатында талап қою арызын қараусыз қалдыру, істерді қарауды кейінге қалдыру мәселелері де облыстық соттың қатаң бақылауында.
Бүгінгі таңда облыстағы судьялардың 47 пайызы жастар екен. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 2-бөліміндегі «Заңның үстемдігін қамтамасыз етудің» 17-ші қадамындағы судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту бойынша да облыстық сотта тиісті жұмыстар ұйымдастырылып жүргізілуде. Судьялыққа үміткерлер облыстық соттың жанындағы консультативтік-кеңесші орган – Соттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің, содан соң жалпы отырыстың қатаң сүзгісінен өтіп барып, ұсыным алады.