Бүгін Талдықорған қаласының І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Алматы облысы мәслихаттарының бірлескен отырысы өтті.
Жиынды жүргізген облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Мұқановтың айтуынша, облыстағы түрлі деңгейдегі мәслихаттарда жалпы саны 334 депутат болса, бүгінгі жиынға 324 депутат қатысты.
Басқосудың күн тәртібінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шығып қалған депутатының орнына сайлау мәселесі қаралды.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Даутов баяндама жасап, сайлауды өткізу тәіртібі туралы түсіндіріп өтті.
Жалпы Сенаттың шығып қалған депутатының орнына екі кандидат -Ескелді ауданының әкімі Нұрлан Қылышбаев және кәсіпкер Ермек Мұжықов тіркелген.
Облыстағы мәслихаттар депутаттарының қолдарына бюллетень таратылып, олар арнайы қойылған кабиналарда өз таңдауларын жасады.
Сайлау барысында 288 депутат Нұрлан Қылышбаевқа, 35 депутат Е.Мұжықовқа дауыс берген. 1 бюллетень жарамсыз деп танылды. Сөйтіп, сайлау қорытындысында басым дауыспен Нұрлан Қылышбаев Сенат депутаттығына Алматы облысынан сайланды.
Жиын соңында облыстық мәслихат хатшысы Серік Мұқанов, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ермек Келемсейіт жаңадан сайланған депутатқа құттықтау тілектерін айтса, Н. Қылышбаев өзіне білдірген сенімі үшін көпшілікке ризашылығын жеткізді