Бүгін «Жастар» саябағындағы «Астана – ел тәуелсіздігінің айғағы!» атты мерекелік бағдарлама Талдықорған қаласының тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл күй сыйлады. Гүлмен көмкеріліп әзірленген «Арман қала — Астана» көрме конкурсы, мемлекеттік мекемелердің көрмесі спорттық жарыстар, концерттік бағдарлама, балалар аттракциондары және басқа да қызықтар мерекеге ерекше реңк берді. «Жастар» саябағының бас сахнасынан барша жетісулықтарды құттықтаған облыс әкімі Амандық Баталов:
— Бүгін біз Тәуелсіз Қазақстанның ең айшықты мерекелерінің бірі – Астана күнін атап өтіп отырмыз. Бұл — азат елдің асқақ арманын орындауға, қол жеткен табыстарын еселеуге серпін берер ерекше мереке.
Қазір Астана сәулеттік жағынан «Азия жауһары» ғана емес, сонымен қатар әлемдік геосаясаттың, экономика мен мәдениеттің алқалы алаңы болып отыр. Біздің жас та көркем, қадамы нық қаламыздың жыл өткен сайын маңызы артып, мәртебесі өсе түсуде. Қай-қайсымыз да Елорданың тарихымен, дәстүрімен, мәдениетімен және қайталанбас қолтаңбасымен мақтанамыз. Сарыарқаның төріндегі бейбітшілік бесігі болған Астана өсіп-өркендеп, гүлдене берсін! Баршаңызды осы қуанышты мереке күнімен құттықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық, баянды бақыт, бейбітшілік пен молшылық тілеймін! – деді.
«Ел жүрегі – Астана!» концерттік бағдарламасы мерекенің мазмұнын аша түсті.