Кеше ОҚО басшысы Б.Атамқұлов Түлкібас ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысандардың салтанатты ашылуына қатысты.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және 6 шілде – Астана күніне орай, Түлкібас ауданындағы үш елді мекенге көгілдір отын берілді. Осылайша, Күнгейдегі Түлкібас облыс бойынша 100 пайыз табиғи отынмен қамтамасыз етілген бірден-бір ауданға айналды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Осы күні облыс басшысының қатысуымен Жаңаталап елді мекенінде 150 орындық орта мектеп ел игіліне берілсе, Түлкібас поселкесіндегі «Бәйтерек-4» ЖШС-нің көкөніс концервілеу және өңдеу зауыты ашылды. Жылына 1,5 мың тонна көкөніс өнімдерінен концервілеу шығаратын цехтың жоба құны 115 млн. теңге. Оның ішінде 55 млн. теңгесі өз қаржысы болса, 60 млн. теңгесі «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылған. Мұнда жергілікті 35 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Сонымен қатар, аймақ басшысы аудандағы күніне 30 тонна сүт өндіретін «Майлыкент сүт» зауыты мен 5 мың тонна нан өнімдерін шығаратын «Түлкібас нан» зауытында болып, өнеркәсіптің жұмысымен танысты.
Оңтүстіктің шығыс қақпасы саналатын жері шұрайлы, табиғаты тамаша 110 мың халық мекен ететін Түлкібас ауданы бүгінгі күні қарыштап дамып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші күн санап артып келеді.