Астана күні қарсаңында Алматы облысының Қарасай аудандық мәдениет үйінде «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің тұсаукесер рәсімі өтті. Ұлт аспаптар оркестрінің орындауында «Қарасай» күйі, Б. Есебаевтың «Жан аға» әні, Е. Спанәлиевтің әні «Солай», Б. Омаровтың әні «Үшқоңырға кел» осы күні тұңғыш рет орындалып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырса, оркестрдің орындауындағы Қ. Жұмағалидың «Әке аманаты» атты күй-поэмасы да көрерменнің көңілінен шықты.
Жаңа өнер ұжымында республикалық және халықаралық байқауларда топ жарып жүрген жас дарындар — барлығы 35 өнерпаз бар. Олардың 14-і – оркестр мүшесі, 8 – биші, 10 – дәстүрлі және эстрада әншілері. Көркемдік жетекшісі танымал композитор Бағлан Омаров, музыкалық жетекшісі Еркін Рахимов, концертмейстері Қуаныш Жұмағали. Өнер ұжымы қажетті аспаптармен және техникалық жабдықтармен толықтай жарақтандырылған.
Тұсаукесер рәсімінде сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов ансамбль жұмысына сәттілік, шығармашылық табыс тіледі.