Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған аламан бәйгеден «Алтын тұлпар» дәстүрлі республикалық турнирі өтеді.
Бәйгенің бас серіктес — «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, Әлеуметтік серіктес — «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, «Нұр Отан» партиясы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастыратын аламан бәйгенің жарыс жолы 51 шақырымды құрайды. Бәйге үлкен аумақты шеңберді 4 рет айналып шабу арқылы жүргізіледі. Жарыс жолының бойына әрбір 2 шақырым сайын барлығы — 7 бақылау бекеті орналасады. Бекеттерде телекамералар мен төрешілер, мал дәрігерлері, тәртіп сақшылары тұрып, бәйге барысын бақылайды. Жарысқа қатысатын шабандоздарға түсі әртүрлі, арқасында сандық нөмірі бар арнайы жейде кигізіледі. Бекеттегі төрешілер көлденеңнен ат қосылып кетпеуін бақылайтын болса, телекамералар бәйге барысын халыққа тікелей эфирде көрсетеді. Бұлардан басқа 1 тікұшақ жарыс жолын үстінен айналып жүріп, бәйге аттарын биіктен бақылап камераға түсіреді. Көрермендер мен ат иелері өз жүйріктерінің қай тұста шауып бара жатқандығын жарыс алаңында орналастырылған ЛЭД экраннан бақылауға мүмкіндік қарастырылған. Аламан жарысқа еліміздің 14 облысы және Астана, Алматы қалаларының әрқайсысынан 10 сәйгүліктен қатысады. Жарысқа жүйрік тұқымдардың барлығы қатыстырылады. Мәреге алғашқы жеткен 9 тұлпарға диплом және қаржылай жүлде беріледі.
Аталмыш шара аясында «Ат сыншысы» байқауы ұйымдастырылады. Шын жүйрікті жазбай таныған сыншыларға «Толыбай сыншы», «Күреңбай сыншы», «Шоқай сыншы» және «Киікбай сыншы» атындағы арнайы жүлделер бар.
Жарыс өтетін жерге жолаушылар тасымалдайтын автобус қатынайды. Жарыс кезінде концерттік бағдарлама, қол өнер көрмелері және тойшыл қауымға арнап қымызмұрындық, ұлтық тағам түрлерінен фестиваль ұйымдастырылады.