Астаналықтар байдаркамен және каноэмен есу спортына асқан қызығушылық танытуда. Бүгінде жүзге жуық жас спортшы №4 Балалар жасөспірімдер спорт мектебінде білім алып жүр. Ескек есушілер жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, құрама команда деңгейінде өнер көрсеткенде Астана қаласының мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебіне ауысады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Аталған спорт түрі елордада 2000 жылдан бері дамып келеді. Топқа он жастан асқан балалар қабылданады. Бұл спортқа ұлдар да, қыздар да әуес. Қайықта отырып үйренудің өзіне 2-3 аптадай уақыт кетеді.
Жазғы демалыс уақытында жаттығулар аптасына 8-10 рет өтеді. Ал балалар мектепке барғанда – 5–6 рет. Оның үстіне төзімді болу үшін көп еңбектену керек. Қыста спортшылар шаңғы тебеді, тренажер залдарында жаттығады, жүгіреді.
Он жеті жасар Александра Ким бұл спортқа келем деп ойламаған, бүгінде ол — спорт шебері. Үш жыл бойы байдаркамен жүзсе, енді каноэге ауысты.
Спортшылар 23 жасқа дейін №4 БЖСМ базасында жаттығады. Үздік нәтижелер көрсеткен балалар мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінде шеберлігін шыңдайды.
Мұнда спортшылармен психолог, диетолог, массажист, және басқа да мамандар жұмыс істейді. Мысалы, әр спортшының рационы бөлек, орташа салмағы 85-95 кг болуы керек.
Топ бес адамнан тұрады. Соның ішінде үшеуі Сергей Токарницкий, Зоя Ананченко, Инна Клинова Олимпиада ойындарына дайындық үстінде.
Еске салайық, төрт жылдықтағы басты жарыстың ашылуына дейін бір айдан аз уақыт қалды. Олимпиада тамыздың 5-і мен 21-і аралығында Рио-де-Жанейрода өтеді.