Елордамыздың туған күніне орай көптеген іс-шаралар өтті. Солардың ішінде ең ірі әрі ұлттық бояуға қанығы – «Мыңжылдықтар тоғысқандағы Астана» атты көшпенділер өркениеті фестивалі.
3-6 шілде аралығында өткен фестиваль қала тұрғындары мен қонақтарына қызық бағдарламалар ұсынды. «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының жанындағы алаңда киіз үйлер тігіліп, көшпелі мұражай қоныстанды. Әр облыстардан келген мұражайлар өз жәдігерлерін орнатты. Мәселен Маңғыстау облысының музейі көне күміс бұйымдарын паш етіп, тарихымен таныстырды. Фестивальде ипподром да жасалды. Алматы облысының шабандоздары «Ат жалында» думанын көрсетті. Мүсілім Садықұлы басшылық ететін «Арлан» ұлттық костюмдер театрының алып жігіттері мен ару қыздары дәстүрлі сән үлгілерінің көрсетілімін өткізді. Сондай-ақ, Өзбекістаннан келген цирк, Қырғызстаннан келген шығармашылық топ өз өнерлерімен мейрамның мерейін үстем етті. Оңтүстік Қазақстан обылынан, Алматы облысыннан, Қытайдан келген қандас шеберлер қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесін және шеберлік дәрістер өткізді.
Сонымен қатар, «Саят» құсбегілік өнері, қазақтың ұлттық ойындары, күй, дәстүрлі әндер кештері, фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерінің, би ансамбльдерінің концерті, айтыс ұйымдастырылды.
Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан бұл фестиваль биыл айрықша кең қарқынмен ұйымдастырылды.
Автор: Шырақ Байкенова