Елордада әр түрлі жастағы шахматшылар халықаралық жарыста шеберлік байқасуда. «Х. С. Омаров мемориалы – 2016» жарысы 19 шілдеге дейін жалғасады, деп хабарлайды қалалық әкмідіктің баспасөз қызметі.
Жалпы, қатысушылар саны – 200 адам, соның ішінде 70-сі – ересек. Ашық турнирге түрлі мемлекеттерден келген гроссмейстерлер де қатысуда. Балалар екі санат бойынша сайысқа түседі – 6-дан 10 жасқа дейін және 10-нан 14 жасқа дейін. Жарыста 100 жуық спортшы Астананың намысын қорғайды.
Жарыс басталғаннан кейін ұл-қыздар зейінін ойынға шоғырлады. Қарсыластар бір-біріне лайық екендігі байқалады.
Қатысушыларды қолдау үшін халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова да келді, ол да осы Х. Омаров атындағы клубтан бастаған болатын. Бүгінде ол — кәсіпқой шахматшы.
– Өзім де бұған дейін «Х. Омаров атындағы мемориалға» талай рет қатысқанмын, жарысқа қатысатын балалардың жыл сайын артып жатқаны қуантарлық жайт. Қазақстанда шахмат дамып келеді, бұған өзім де үлес қосқаныма қуаныштымын, – деді ол.