Бүгінгі таңда ел экономикасына едәуір көлемде залал келтіретін қылмыстардың ішінде алдыңғы орында жалған кәсіпкерлік тақырыбы тұр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Дәулет Ақылбеков айтты. Оның сөзіне жүгінсек, облыс шеңберінде жалған кәсіпкерлік бойынша 266 қылмыс тірекеліп, оның 178-і сотқа жол тартқан.
Жалпы, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 411 экономикалық қылмыс анықталып, оның 239-ы сотқа жолданған. Бюджеттік сала бойынша 75 заң бұзушылық орын алып, оның 58-і мемлекеттік сатып алу бойынша тіркелген.
Облыста қолдан алкогольдік өнім жасап, оларды заңсыз айналымға шығару оқиғасы да тыйылмай тұрған сыңайлы. Бұл бағытта 40 қылмыстық іс тіркеліп, заңсыз спирттік тауарлар жасап келген 5 астыртын цех әшкереленген.
Заңсыз ойын бизнесімен айналысып келген бірқатар кәсіпкерге де тұсау салынды. Нәтижесінде 91 қымыстық іс тіркеліп, «көлеңкелі» айналымнан 52 лотереялық терминал, 46 ойын автоматы тәркіленген.
Жалпы, Алматы облыстық мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің ағымдағы жылғы 6 айындағы есебіне сүйенер болсақ, соңына нүкте қойылған қылмыстық істер бойынша анықталған залал көлемі 5,2 млрд. теңгені құрайды. Оның 2,5 млрд. теңгесі өндірілген. Сондай-ақ 1,1 млрд. теңгеге бағаланған мүліктерге шектеу қойылған.