Астаналық екі спортшы Әлішер мен Біржан Қабдоллаевтар маусымның 24-і мен 26-сы аралығында Ақтауда өткен каратэ-додан Қазақстан Республикасының чемпионатының алтын жүлдегерлері атанды. Жеңімпаздар Қазақстан құрамасының сапында қараша айында Индонезия да өтетін Азия чемпионатына қатысады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Әлішер мен Біржан Қабдоллаевтар Астана қаласы әкімдігінің «Толағай» жоғары спорт шеберлігі мектебінде аға бапкер Мейрамгүл Дукуеваның жетекшілігімен жаттығады. Бапкердің айтуынша, балалар жеңіске жету жолында табандылық танытқан.
— Әлішер 8 жасынан жаттығып жүр, қазір ол 19-да. Ол 18-20 жас санатында 60 кг дейінгі салмақта кумитэ бағдарламасы бойынша топ жарды. 15 жасында республика чемпионатының жүлдегері және чемпионы болған, ал биыл республикалық құрамамен бірге Азия чемпионатына барады, — дейді Мейрамгүл Дукуева.
Біржан Қабдоллаев 16-17 жас санатында ката бағдарламасында алтын алды. Ол да еліміздің құрама командасымен Азия чемпионатында бағын сынайтын болады.